Қазақстан экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отыр
Ағымдағы жылдың 10 айындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, есепті кезеңде республиканың ЖІӨ өсу қарқыны 2,5% құрады. Атап айтқанда, экономиканың нақты секторы 2,8%-ға, қызмет көрсету саласы 1,6%-ға өсті. Салалар арасында ауыл шаруашылығы (8,2% өсім), ақпарат және байланыс (7,1%), құрылыс (5%), өңдеу өнеркәсібі (4,3%), сауда (4,1%), көлік және қоймалау (3,9%) оң динамиканы көрсетуде.
Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегінде елдің сыртқы сауда айналымы 35%-ға өсіп, $98,4 млрд құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 47,5%-ға ($63,8 млрд) өсті, өңделген тауарлар экспорты 37,5%-ға ($19,3 млрд) өсті. Импорт $34,6 млрд құрады (өсім 16,5%). Жалпы, ҚР-ның оң сауда балансы $29,3 млрд жетті (өсім 2,2 есе).
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге кіріс түсті (жоспар 104% орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджет 8,4 трлн теңгеге (102%), жергілікті бюджеттер – 4 трлн теңгеге (108,5%) толықтырылды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,7%-ға, оның ішінде республикалық – 98%-ға (14,5 трлн тг), жергілікті бюджеттердің шығыстары-94%-ға (8,1 трлн тг) орындалды.
Отырыста Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов та баяндама жасады.
Сөз сөйлеушілерді тыңдап, Премьер-Министр бүгінгі таңда ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отырғанын және оның тұрақтылығының негізгі факторы нақты сектор болып қала беретінін, онда да оң динамика байқалатынын атап өтті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3%-ға, машина жасауда – 7,7%-ға, ауыл шаруашылығында - 8%-дан астам өсті.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып табылады. Жалпы есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 6,7% құрады.
«Бұл ретте өндірілмейтін салаларда инвестициялар тартуда белсенділік байқалады. Жылжымайтын мүлік, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласындағы операцияларында жоғары көрсеткіштер байқалды», - деді Премьер-Министр.
Ол барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы мен Шымкентте өсім байқалатынын айтты. Ең төменгі қарқын Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында тіркелді.
Әлихан Смайылов оң динамиканы қолдау үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялар тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
«Өңірлердің әкімдіктері жоспарлы көрсеткіштерді ұстанып, инвестицияларды тарту және сүйемелдеу бойынша жұмысты жандандырып, инвестициялық жобалардың іске асырылуына тұрақты мониторинг жүргізуі керек», - деді ол.
Сонымен қатар, Премьер-Министр бағаның өсуін тежеу жөніндегі жұмысқа назар аудару қажет екенін атап өтті, өйткені азық-түлік тауарларының қымбаттауы инфляцияға ең үлкен үлес қосуды жалғастыруда.
«Бұл, ең алдымен, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, ол өңірлерге жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.