Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шарифпен кездесті
Қасым-Жомартөкаевтың АӨСШК саммиті аясында бірқатар екіжақты кездесулері Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шарифпен келіссөздермен жалғасты. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығының болашағын талқылады.
Мемлекет басшысы АӨСШК саммитіне қатысу үшін Астанаға келгені және форумды одан әрі институционалдық дамытуға бағытталған қазақстандық бастамаларды қолдағаны үшін Пәкістан Премьер-Министріне ризашылығын білдірді.
Президент Пәкістанды Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі деп атады. Ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың даму динамикасына қанағаттанғандығын білдірді.
Көлік, транзиттік-логистикалық, энергетикалық салаларда өзара іс-қимылды жолға қою перспективалары атап өтілді. Елдер арасында тікелей әуе қатынасын тезірек қалпына келтірудің, сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырудың маңыздылығы атап өтілді.
Өз кезегінде Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шариф Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістан Президенті Ариф Алвидің құттықтау сөздерін жеткізіп, елдер арасындағы қарым-қатынастар үдемелі дамып келе жатқанын атап өтті.