• Мобильді үстемені жүктеу

Ә. Смайылов шетелдік компанияларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Astana Finance Days 2022 конференциясында «Энергетикалық және азық-түлік орнықтылығына инвестициялар. Қазақстандық кейс» панельдік сессиясында сөз сөйледі деп хабарлайды primeminister.kz. 

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Жоғары кеңес төрағасының реформалар жөніндегі орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Condor Petroleum Inc. компаниясының басқарушы директоры Норман Сторм, Қазақстандағы Çalık Holding аймақтық директоры Кенан Аккирман және басқалар қатысты.

Әлихан Смайылов өз сөзінде көмірсутектер мен азық-түліктің әлемдік бағасы тарихи жоғары деңгейде екенін, бұл көптеген елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы адамдардың өмір сүру сапасына әсер ететінін атап өтті.

«Осыны ұғына отырып, біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың басында бастамашы болған саяси реформаларының дер кезінде жүргізілуін бағалай аламыз. Бұл реформалар, өз кезегінде, елдегі терең экономикалық өзгерістерге әкеледі», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Үкімет басшысы берік саяси және экономикалық базаға ие бола отырып, Қазақстан бүгінде ЕАЭО және Қытайды қоса алғанда, көлемі 1 млрд-тан астам әлеуетті тұтынушы болатын ірі әлемдік нарықтарға шығатын «қақпа» болып табылатынын және Орталық Азиядағы транзиттік хаб болып саналатынын атап өтті.

Тәуелсіздік жылдары еліміз $390 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартты, оның басым бөлігі соңғы 10 жылда.

Осылайша, 2021 жылы инвестициялардың жалпы ағыны $24 млрд құрады, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 38%-ға жоғары. Бұл ретте мұнай және газ саласына салынған салымдар тек 28%-ды құрады, ал 2018-2019 жылдары олардың үлесі 50%-ға тең болды.

«Бұл ел экономикасының белсенді әртараптандырылуын көрсетеді. Шикізат тауарлары бағасымен жаһандық бетбұрысты назарға ала отырып, енді біздің энергетикалық және ауыл шаруашылығы мүмкіндіктерімізді көбірек зерделеуіміз қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, елеулі табиғи қорлар біздің елімізді әлемдік тауар нарықтарына маңызды жеткізуші етеді. Сонымен қатар, Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы бойынша әлемде 6-шы орында.

«Екі сектор да жоғары қайта өңделген өнімдерді шығаруға инвестициялар тарту үшін басым болып табылады. Осыған байланысты Үкімет Қазақстанға келетін инвесторларға қолайлы жағдай жасап, кешенді қолдау көрсетуде», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жеңілдетілген инвестициялық режим көзделген 13 арнайы экономикалық және 36 индустриялық аймақ құрылды.

Бұдан басқа, елімізде Жалпы Ағылшын құқығы режимі есебінен бүкіл әлемнен инвесторларды тарту нүктесі болып табылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді.

«Үкімет шетелдік инвесторларды келісім-шарттар жасасуға және жаңа жобаларды іске асыруға шақырады. Біз инвесторлардың мүдделері барынша қолжетімді көлемде ескерілетініне кепілдік бере аламыз», - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Анықтама: 27-29 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығы тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу мәселелеріне арналған «Astana Finance Days» V конференциясын өткізеді.

Astana Finance Days — қаржы саласындағы өңірдегі ең ірі конференциялардың бірі. Соңғы төрт жыл ішінде конференция 100-ден астам елден 15000-нан астам қатысушыны тартты.

 https://24.kz/ru/news/economyc/item/552459-a-smailov-prizval-zarubezhnye-kompanii-investirovat-v-kazakhstan