Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Отырыс барысында АХҚО-ның 2021 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, оны одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Іс-шараны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық тұрақсыздық жағдайында инвестициялық тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін сенімді қаржы құралдарын іздеу өзекті болатынына назар аударды. Қазақстан және бүкіл Орталық Азия өңірі үшін осындай құралдардың бірі «Астана» халықаралық қаржы орталығы болып табылады.
– Қазақстан нарықтық, еркін және бәсекелі экономиканың үдемелі өсуіне бағдарланған өзінің дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Мұндай жағдайларда шетелдік инвесторлар мен сауда әріптестерінің сенімін сақтау және нығайту біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Осыған байланысты АХҚО-ның әлеуеті инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде барынша іске қосылуы тиіс, - деді Президент.
Мемлекет басшысы ХҚО алдында жетекші өңірлік қаржы орталығы ретінде өзінің мәртебесін институционалдық нығайту жөніндегі жаһандық міндет тұрғанын атап өтті. Осыған сүйене отырып, ол бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.
Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік компаниялардың АХҚО-да тіркелу шарттары барынша қарапайым және либералды болуға тиіс екенін атап өтіп, санкциялық мәселеге назар аударды. Сонымен қатар, ол АХҚО-ның шетелдік серіктестерімен диалогты Үкіметтің жалпы үйлестіруімен қаржылық реттеушілермен тығыз өзара іс-қимыл кезінде жүргізу қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ Орталықтың реттеуші және нормативтік-құқықтық базасы өзінің дербестігі мен тәуелсіздігін сақтауы тиіс екенін қосты.
Президент ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жөніндегі жұмысты тағы бір басым міндет деп атады. Мысал ретінде ол «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның ұлттық компанияларының рөлін атап өтті.
– Еліміздің қарапайым азаматтары ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып, инвестициялардан өз дивидендтерін ала алуы керек. Халықтың инвестициялық мәдениеті осылайша қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғындары үшін қолжетімді болуы тиіс. Ал бұл үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды теңгедегі тәуелсіз облигацияларға тартудың өзектілігін атап өтті. Ол қазіргі белгісіздік жағдайында инвестициялар мен ресурстар үшін бәсекелестік күшейеді деген пікір білдірді. Инвесторлар корпоративтік басқару қағидаттары жоғары сақталатын, заң үстемдік ететін және халықаралық юрисдикциясы бар алаңдарды іздейді.
– Елге жаңа сенімді көздер қажет. Ал ол үшін халықаралық депозитарийлермен тығыз қарым-қатынас жасау қажет. Мұндай жағдайларда өзінің реттеушілік режимі мен халықаралық құқығы бар АХҚО алаңы тартымды көрінеді. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесіп, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлармен әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл біздің экономикамыздың тұрақтылығын арттыру үшін маңызды қадам болады, - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және "жасыл" жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Ол өткен жылы тұрақты қаржыландыру нарығының көлемі 500 есеге өсіп, 250 млн. доллардан асқанын, оның ішінде жасыл облигациялар мен несиелердің 58% АХҚО Жасыл қаржы орталығымен тексерілгенін хабарлады.
– Бұл экономиканы декарбонизациялау және төмен көміртекті технологияларды дамыту бойынша жаһандық міндеттерді табысты шешуде еліміздің қабілеттілігін дәлелдейтін елеулі үлес. Үкіметті, АХҚО-ны және Кеңес мүшелерін берілген қарқындарды төмендетпей, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға шақырамын, - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергия тасымалдаушылардың жаһандық нарықтары мен әлемдік азық-түлік орталықтарының трансформациясы жағдайында Қазақстанның рөлін нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, ол ең үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, кез келген тәуекелден тең алшақтатылған басты тауар биржасын орналастыру мәселесінің өзектілігін атап өтті.
– Бұл жерде Қазақстанға өзінің сенімді және бәсекеге қабілетті биржалық нарық инфрақұрылымының бар екенін мәлімдеудің маңызы зор. Бұл өңірлік және халықаралық саудадағы көшбасшылықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Үкімет бұл мәселені егжей-тегжейлі пысықтағаны жөн, - деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде криптоиндустрия мен цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне назар аударды.
– Біз өз әлеуетімізді барынша пайдалануға тиіспіз. Иә, біз криптоактивтерін өндіретін №2 елміз, бірақ біз ешқандай жағдайда тек шикізат мәртебесін сақтамауымыз керек. Осыған байланысты Үкімет қаржы реттеушілерімен және АХҚО-мен бірлесіп, кешенді цифрлық экожүйені дамыту үшін қолайлы реттеу жағдайларын жасауы қажет,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отырысты қорытындылай келе, Мемлекет басшысы ХҚО-ның 2021 жылғы қызметі туралы жылдық есепті бекітті.
Іс-шара барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Мемлекет басшысының экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, АХҚО тәуелсіз қаржылық бақылаушысы Марк Смит, Жаһандық даму орталығының Президенті Масуд Ахмед , G30 тобының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, Citigroup үкіметтер мен мемлекеттік сектордың жаһандық блогының басшысы Джули Монако баяндама жасады.