TikTok Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті
Бұл туралы Шығыс Еуропадағы TikTok өкілдігінің Директоры Олег Соколов ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровпен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдерімен кездесу барысында хабарлады.
2018 жылы іске қосылған TikTok халықаралық нұсқасы ай сайынғы әлемдік аудиториясы миллиард қолданушыдан асатын жетекші ғаламдық интернет-платформалардың бірі.
TikTok компаниясының делегациясы білім беру, мәдениет, туризм саласындағы жобаларға қатысты және Қазақстан аумағында платформаны дамытудың басқа да мәселелерін талқылау үшін Қазақстан Республикасына келді.
TikTok өкілдерінің ақпараты бойынша, бүгінде Қазақстанда ай сайын платформаны тіркелген 7 миллионнан астам пайдаланушы пайдаланады. Компания әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Қазақстанда білім беру мен мәдениетті дамытуға жәрдемдесу саласында ауқымды жобаларды іске асырады.
Олег Соколов TikTok компаниясының ҚР аумағында ұлттық театрлар мен музейлерді ілгерілетуді қоса алғанда, платформаның мәдени-танымдық контентін күшейту жөніндегі ниетін атап өтті.
Өз кезегінде Алмас Айдаров Қазақстанда компания өкілдігін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды және компанияның елдегі бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
TikTok сапары аясында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және «Зерде» холдингі» АҚ көмегімен МСМ, АҚДМ, ЦДИАӨМ, БҒМ және т.б. басшылармен кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті.