KAZAKH INVEST малайзиялық бизнесті Қазақстанға инвестиция салуға шақырды
ҚР Малайзиядағы елшілігі ұйымдастырған «Kazakhstan – the Land of Great Opportunities» вебинары аясында «Malaysia Semiconductor Industry Association» (MSIA) жартылай өткізгіш өнеркәсіп қауымдастығының қолдауымен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ шетелдік кәсіпкерлерді Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
Онлайн-кездесуге Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, АХҚО және ЦДИАӨМ өкілдері, сондай-ақ АКТ, электроника және жартылай өткізгіш өнеркәсіп салаларында жұмыс істейтін малайзиялық компаниялардың басшылары қатысты.
Болат Сүгірбаев өз сөзінде екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығын дамытудың зор әлеуетін атап өтті. Елші бизнес өкілдеріне Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер беретінін және өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық екенін айтты.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілі Диана Аблякимова, өз кезегінде, ұлттық компанияның малайзиялық бизнес-топтармен ынтымақтастықтағы мүдделілігі және бастамалаудан бастап пайдалануға беру сатысына дейінгі инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігі туралы хабарлады.
Бүгінгі таңда шетелдік инвесторлар Қазақстанның басым секторларындағы мүмкіндіктерге жоғары қызығушылық танытуда, бұл елдің стратегиялық маңызды орналасқан жеріне, бизнесті жүргізу үшін қолайлы ортаға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларына байланысты. Диана Аблякимова атап өткендей, Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан ірі әлемдік нарықтарды біріктіріп қана қоймай, бай минералды-шикізат базасы мен қолайлы іскерлік климатқа ие.
Вебинар барысында малайзиялық компаниялар Алматыда орналасқан «Инновациялық технологиялар паркі» ЕЭА мемлекеттік қолдау шараларына, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұсынатын мүмкіндіктерге қызығушылық танытты.
Іс-шара қорытындысы бойынша, тараптар компания өкілдерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісті.