Бразилиялық "WEG" машина жасау алыбы Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлап отыр
"KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың Бразилиялық "WEG" трансұлттық компаниясының басшылығымен кездесуі барысында электр машина жасау саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары, сондай-ақ Қазақстан өнеркәсібіне цифрлық шешімдерді енгізу талқыланды.
Кездесу барысында Мейіржан Юсупов түрлі салалық жеңілдіктер мен преференцияларды қамтитын шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, ол Бразилия тарапымен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың жоғары әлеуетін атап өтті.
Орталық Азиядағы "WEG" ұйымының Бас директоры Сергей Мущенко көрсеткен қолдауы үшін "KAZAKH INVEST"-ке алғысын білдіріп, Қазақстанда компания Бразилияның машина жасау саласындағы ірі инвесторларының бірі болуға ниетті екенін атап өтті. Бірінші кезеңде сервистік хаб құру жоспарлануда (техникалық қызмет көрсету, оқыту, технологиялар трансферті). Сонымен қатар, екінші кезең аясында инвесторлар Қазақстанда электр жабдықтарын өндіретін зауытты оқшаулау мүмкіндігін қарастырады.
Инвестор атап өткендей, бұл жобаны іске асыру қазақстандық өнеркәсіпке сапаны бақылаудың озық технологияларына қол жеткізуге, өндірістің өнімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға (болжамды мониторингті қоса алғанда) мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, "KAZAKH INVEST" Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали жоғарыда көрсетілген жобаны одан әрі сүйемелдеу барысында "KAZAKH INVEST" жергілікті әріптесті іріктеуге, тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алуға және мүдделі мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізуге көмектесуге дайын екенін атап өтті.
Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы ірі экономикалық әріптесі болып табылатынын атап өту қажет. 2016 ж. қарашада "Қазақстан - Бразилия" Сауда-өнеркәсіп палатасы ашылды.
Анықтама: штаб-пәтері Бразилияда орналасқан "WEG" компаниясы электр жабдықтарын өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Компания өнімдері 135 елдің 5 құрлығында ұсынылған. Күн сайын "WEG" шамамен 120 мың электр қозғалтқышын шығарады. Компанияның 14 елде 40-тан астам өндірістік алаңдары және 36 елде коммерциялық филиалдары бар. "WEG" қызметі 5 өндірістік бағытқа бағытталған: электр қозғалтқыштары және редукторлар; автоматтандыру технологиялары; энергияны беру және тарату жабдықтары; энергияны өндіру жабдықтары; өнеркәсіптік сұйықтықтар мен бояуға арналған ұнтақтар.
2019 ж.қарашада "KAZAKH INVEST" және ҚР Бразилиядағы Елшілігінің қолдауымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы "WEG" компаниясының аймақтық филиалы ашылды.