KAZAKH INVEST ШЫҰ елдерінің өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі форумға қатысты
«KAZAKH INVEST» өңірлік экономикалық ынтымақтастық форумының ауқымды алаңында және Циндао қаласындағы (ҚХР) ШЫҰ елдерінің халықаралық сауда-инвестициялық көрмесінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
Іс-шараға ШЫҰ және АСЕАН елдерінің бизнес-қоғамдастықтары мен дипломатиялық өкілдіктерінің, мемлекеттік органдары мен қауымдастықтарының 1000-ға жуық өкілдері қатысты. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, АХҚО және ҚР іскерлік қауымдастығының өкілдері таныстырды.
«ШЫҰ арасындағы кешенді ынтымақтастықты және жан-жақты өңірлік экономикалық әріптестікті (ЖӨЭӘ) дамыту мүмкіндіктері мен сын-қатерлері» сессиясы шеңберінде ҚХР-дағы «KAZAKH INVEST» Бас өкілі Қуаныш Амантай іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық климатының бәсекелестік артықшылықтарын ұсынды, сондай-ақ Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастықтың табысты тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның ішінде, спикер екі тараптың бірлескен экономикалық аймақтарды дамыту аясындағы белсенді өзара іс-қимылын атап өтті, сондай-ақ ШЫҰ елдерінің көлік және логистика, сауда рәсімдерін жеңілдету және өзара инвестициялар саласындағы тығыз ынтымақтастығына үміт білдірді.
Бұдан басқа, «ШЫҰ елдерінің саудасы және инвестициялары» конференциясы барысында ҚХР-дағы «KAZAKH INVEST» өкілдігі Қытай бизнес-қоғамдастығына инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін таныстырды. Оның ішінде шетелдік инвесторларға инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары, инвесторларды ынталандырудың қаржылық және қаржылық емес құралдары, сондай-ақ ҚХР нарығындағы қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуеті және ҚР экономикасының басым салаларындағы бірқатар нақты жобалар ұсынылды.
Форум нәтижелері бойынша «KAZAKHINVEST» пен «Қытай-ШЫҰ» сауда-экономикалық ынтымақтастық көрсету аймағының әкімшілік комитеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта тараптар «Қытай - ШЫҰ» сауда-экономикалық ынтымақтастық аймағының ҚР аумағындағы көліктік-логистикалық қуаттарға қатысу мүмкіндігін зерделеуде.
Айта кету керек, форум аясында ШЫҰ елдерінің халықаралық сауда-инвестициялық көрмесі ұйымдастырылды, онда қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырды. Атап айтқанда, көрмеде күнбағыс майлары, кондитерлік өнімдер, бал, ұн, макарон өнімдері, шырындар және түйе құрғақ сүті таныстырылды. Сондай-ақ, қазақстандық павильонға келушілер Қазақстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндік алды.