• Мобильді үстемені жүктеу

Венгриялық инвесторлар Қазақстан қалаларында smart-жарықтандыруды енгізуді жоспарлауда

Бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Венгрия үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы шеңберінде талқыланды. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Венгрия делегациясын Вице-Премьер-министр, Венгрияның Қаржы министрі Михай Варга басқарды.

Отырыстың ауқымды күн тәртібі екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласын қамтыды. Диалог барысында тараптар қазақстандық-венгерлік экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайын, даму перспективаларын және екі елдің экономикалық өсуін қалпына келтіру үшін қабылданып жатқан шараларды талқылап, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі туралы пікірлерімен алмасты.

Сонымен қатар, іс-шара аясында бірқатар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды. Түрлі салаларда жарықтандыру жүйелерін әзірлеу мен енгізуге маманданған TUNGSRAM GROUP компаниясы бастапқы кезеңде ҚР-да жарықдиодты көше жарығы өндірісі бойынша құрастыру цехын салуды жоспарлап отыр.

«Алдағы уақытта 5G ретрансляторлар жүйесін енгізу үшін негіз болатын көше смарт-жарықтандыруының ұлттық желісін жаңғырту бойынша өндірістік хаб құру жоспарлануда. TUNGSRAM GROUP жергілікті қамтудың кемінде 50%-на қол жеткізуді жоспарлап отыр. Аталмыш жобаны іске асыру «ақылды қала» тұжырымдамасын қолдайтын қоғамдық жарықтандыру саласындағы заманауи және тұрақты шешімдерді енгізу есебінен электр энергиясын тұтынуды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Осының арқасында Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып осы секторда ілгері қарай қадам жасай алады», - деп толықтырды «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобалық менеджері Алтынай Мұқанова.

Бұдан басқа, компания Қазақстанда жылыжайларды жарықтандыру жүйесін енгізу бойынша агротехнологиялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр, ол елдің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қоса алады.

Сондай-ақ, кездесу барысында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық шипажайлар қауымдастығы мен Rex-SAN Medical Еquipment Manufacturer and Repair Center Венгрия компаниясы арасында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан мен Венгрия кедергісіз өзара сауданы қамтамасыз ету үшін әрі қарай күш-жігер жұмсауға және екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен іске асырылып жатқан және перспективалық жобалар туралы ақпарат алмасуға келісті.

Айта кететін жағдай, әлемдік саудадағы жағымсыз үрдістерге қарамастан, Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымы оң динамиканы көрсетіп келеді. 2020 жылғы 9 ай ішінде сауда көлемі осы кезеңмен салыстырғанда 12%-ға өсіп, $85 млн құрады. Қазақстанда 29 венгерлік кәсіпорын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында 37 бірлескен қазақстандық-венгерлік кәсіпорын өз қызметін табысты жүзеге асыруда.

https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/vengerskie-investory-planiruyut-vnedrit-smart-osveshchenie-v-gorodakh-kazakhstana/