• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстанда жаңа инвестициялық құралдар әзірленбек

Қазақстанға инвестициялық тартымдылықты арттыруға, мемлекеттік саясаттардың ашықтығы мен болжамдығын қамтамасыз етуге бағытталған елеулі өзгерістер мен реформалар қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмыс бабымен кездесуі кезінде айтты,- деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұсыныстар мен бастамалар ұсынды. Мемлекет басшысы бірінші міндет ретінде жаңа инвестициялық құралдар құру қажеттігін белгіледі. Оның тапсырмасына сәйкес ол үшін Стратегиялық инвестициялық келісім механизмі әзірленді, оның бүкіл қолданылуы кезеңінде мемлекет тарапынан заңнамалық жағдайлардың кепілді тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту қажеттігіне жеке тоқталды. Үкімет сапалы жаңа реттеу жүйесін әзірлейтін болады. Барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және өзге де реттегіш құралдарға ауқымды тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, мемлекет басшысы биыл инвесторларды сыбайлас жемқорлық қысымынан қорғау күшейтілгенін атап айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуі жалпы сомасы 12 трлн теңгеден асатын 500-ден астам бизнес-жобаны қамтиды.

Сондай-ақ, Президент кездесуге қатысқан шетелдік қатысушыларды ЭЫДҰ-ға мүше елдердің озық тәсілдері негізінде дайындалған жаңа Экологиялық кодекстің әзірленгендігі жөнінде хабардар етіп, экология мәселесіне назар аударды. «Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссияға төлемнен босатылады. Мемлекет экологияға шыққан шығындарды кәсіпорындармен бөлісетін мұндай механизм әр елде бола бермейтінін атап өткім келеді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ауқымды жобасы. Біз бұл тәсілді саналы түрде таңдадық. Бизнес те уағдаластықтардың өз бөлігін толыққанды орындайды деп күтеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы пандемияның келеңсіз салдарлары жағдайында цифрлық экономиканың жедел дамуына қуатты серпін берген IT саласының мүмкіндіктерін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан 5 жыл ішінде кем дегенде 500 млрд теңге тартуды жоспарлап отырған отандық IT-саласын дамыту әлемдік технологиялық компаниялардың елеулі қолдауын талап етеді.

«Бүгінде әлемдік майнингтің шамамен 6%-ы Қазақстанда шоғырланған. Бұдан басқа, IT, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялық қызметтер нарығын дамыту экспорт үшін елеулі мүмкіндіктерді ашады. Біз бұлтты есептеулер мен платформалар саласында ірі әлемдік ойыншылардың инвестицияларын тартуды жоспарлап отырмыз. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырауда деректерді өңдеудің төрт мегаорталығының құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. Бұл ірі халықаралық ақпараттық магистральда орналасқан күрделі  есептеу қуаттылығы», - деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Президент 2025 жылға қарай Қазақстан өзінің фармацевтикалық өндірісінің үлесін елімізде 50%-ға дейін арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, медициналық жабдықтар мен шығыс материалдарының өндірісі белсенді дамитын болады. Бұл салалар инвестициялар үшін ашық және баяндамада айтылғандай, мұндай жобалар мемлекет тарапынан толық қолдауға ие болады.

 https://kapital.kz/economic/89089/v-kazakhstane-razrabotayut-novyye-investitsionnyye-instrumenty.html