Неміс бизнесіне ТКМК саласының инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды
Тау-кен өндіру саласында қазақстан-герман ынтымақтастық күндері аясында KAZAKH INVEST неміс бизнесіне ТКМК саласының инвестициялық мүмкіндіктерін ұсынды. Іс-шараға германдық ірі тау-кен өндіру компанияларының 20-ға жуық өкілдері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты іскерлік диалог үшін коммуникативтік алаң құру және ТКМК саласында ынтымақтастықты жолға қою бойынша герман компанияларымен негізгі мәселелерді талқылау болып табылады.
Онлайн-кездесу барысында KAZAKH INVEST Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Өзбеков кен орындарын игеру мен дамытуға инвестициялар тарту аясында барлау мен өндіруге арналған лицензиялар бөлінгенін, KAZAKH INVEST компаниясында инвестицияларды талап ететін жеке бастамашылардың тауашалық жобаларының пайплайны бар екенін мәлімдеді. Халықаралық консалтингтік компаниялармен бірлесіп, ТКМК саласында 40-тан астам тауашалық жобалар жинақталған.
«Біз аталған инвестициялық ұсыныстарды әлеуетті шетелдік серіктестерге ұсынуға дайынбыз. Жобалардың бастамашылары өз тарапынан келіссөздерге және ынтымақтастықтың түрлі нұсқаларын қарастыруға дайын. Бүгінгі таңда басты стратегиялық міндет шикізатты ел ішінде барынша қайта өңдеу, сондай-ақ неғұрлым жоғары бөліністерге көшу. Бұл міндеттер индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылады, онда қара және түсті металлургия өңдеуші өнеркәсіптің басқа секторларымен қатар экономиканың басым секторлары болып айқындалған», - деп атап өтті Ғ.Өзбеков.
Сондай-ақ, спикер онлайн конференцияға қатысушылардың назарын халықаралық стандарттарға сәйкес тау-кен саласының инвестициялық әлеуетін жақсартуға бағытталған Қазақстан қабылдаған маңызды бастамаларға аударды.
Өз кезегінде, Actemium BEA GmbH, Bredenoord GmbH, HAVER ENGINEERING GmbH, J&C Bachmann GmbH, K-UTEC AG Salt Technologies, MBE CMT GmbH, Redpathmining және т.б. неміс компанияларының өкілдері оларды Қазақстан аумағында іске асыру үшін техникалық және басқарушылық ұсыныстарымен таныстырып өтті.
Инвесторлар тау-кен өнеркәсібінің қалдықтарын қайта өңдеуге, машина жасауға және минералдық шикізатты, кендерді, тыңайтқыштар мен көмірді қайта өңдеуге арналған қондырғыларды жобалауға, электр техникалық қондырғылар мен жабдықтарды монтаждауға және пайдалануға беруге, жерасты тау-кен құрылыстарын дайындауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жобалауға және технологиялық процестерге қызығушылық танытуда.
Келіссөздер нәтижелері бойынша тараптар іскерлік байланыстар орнатуға және ТКМК-нің бірқатар жобалары бойынша алдын ала келіссөздер жүргізуге қызығушылық танытты.