ҚР корей инвесторларына арнайы артықшылықтарды ұсынуға дайын
Президент Қасым–Жомарт Тоқаев Солтүстік экономикалық ынтымақтастық-2020 Халықаралық форумында бейнеүндеу жолдады. «COVID-19-дан кейінгі жаһандық өзгерістер және солтүстік экономикалық ынтымақтастықтың келешегі» девизімен өтетін шара бүгін Сеул қаласында басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың ортақ құндылықтарға, өзара қолдау мен тығыз байланыстарға негізделгенін айта келе, елімізде өмір сүріп жатқан, достықтың «алтын көпірі» саналатын жүз мың корей қауымдастығының екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қосқан үлесін атап өтті.
«Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициялары 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымы артты. Орталық Азияның барлық бес елінің ортақ жалпы ішкі өнімінің 70%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Корей мемлекеті жетекші инвесторлардың арасында 10-шы орынға ие. Біздің өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар», – деп сенім білдірді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті 2019 жылдың сәуір айында Мун Чжэ Иннің біздің елімізге жасаған тарихи сапары екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа белесін ашты деп атап өтті. Осы сапар аясында қол қойылған «Самал жел» бағдарламасы қазақ-корей экономикалық, сауда және мәдени жан-жақты байланыстарды жандандыруға бағытталған.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самал жел» бағдарламасы мен «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясы «Цифрлы Қазақстан», «Нұрлы жол» секілді ұлттық бағдарламаларда бекітілген стратегиялық міндеттерге сәйкес келетінін айтты.
Мемлекет басшысы әлемдегі ұзаққа созылған мұнай кезеңінің аяқталып келе жатқанын айтып, Қазақстан үшін әртараптандырылған және тұрақты экономика құрудың ерекше маңызды екенін атап өтті.
«Сондықтан, мен Жаңа экономикалық бағыттың бастамашысы болдым. Бұл бағыт құрылымдық реформалармен ғана емес, сондай-ақ барынша қарқынды әрі мықты мемлекет құрумен байланысты. Қазақстан корей инвесторлары үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір, соның ішінде, салық және кеден артықшылықтары, жобаларды қоса қаржыландыру, экспортты қолдаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін айтуға болады», – деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ағылшын құқығы бойынша қызмет көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін де тоқталып өтті, Президент орталықтың шетелдік бизнеске арналған экожүйесінің бірегейлігін ерекше атап өтті.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына жұмыстарына табыс, ал Оңтүстік Корея президенті мен үкіметінің игі бастамаларының сәтті болуына тілектестік білдірді.
https://kapital.kz/economic/90902/rk-gotova-predlozhit-koreyskim-investoram-spetspreferentsii.html