Неміс елінің «claas» компаниясы Қазақстанда зауыт ашады
Бүгін ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші әлемдік ірі компаниялардың бірі CLAAS Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен Өнеркәсіптік жинақтау туралы Келісімге қол қойды.
2019 жылғы желтоқсан айында Мемлекет басшысының ГФР-ға ресми сапары шеңберінде «CLAAS Group» компаниясының Байқау кеңесінің төрағасы К.Клаас-Мюльхойзермен іскери кездесуі барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан мен Германияның өнеркәсіптік кооперациясы жөнінде бастама көтерген болатын. Іссапар қорытындысы бойынша Германия бизнесімен жұмыс істеу үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуіменарнайы жұмыс тобы құрылды.
ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті, ҚР-ның ГФР-дағы Елшілігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР аумағында ауыл шаруашылығы көліктерін шығаруды ұйымдастыру жобасын әзірледі
CLAAS әлемдік ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың флагманы және ауыл шаруашылығы техникасын аса ірі еуропалық өндірушісі болып табылады. Осындай алпауыт неміс компаниясының Қазақстанға келуі ұзақ уақыт бойы өнімділігі жоғары, қолжетімді техникаға мұқтаж болып келген отандық барлық шаруашылықтар үшін аса маңызды оқиға болып отыр.
Қазіргі пандемия кезеңін ескере отырып, Келісімге бейнебайланыс арқылы қол қойылды. Министрліктің атынан құжатқа вице-министр Аманияз Ержанов, ал Германия тарапынан CLAAS компаниясының Шығыс Еуропа және ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Нильс Ройч қол қойды.
Жаңа зауыт Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Бастапқы кезеңде TUCANO комбайнын өндіру ісі қолға алынбақ, сондай-ақ, мамандандырылған құрал-жабдықтар орнатылады және техникалық персоналдарды дайындайды.
Жобаны Қазақстандағы CLAAS өкілі «СТ-Агро» компаниясы іске асырады. Облыс экономикасына құйылатын инвестиция көлемі шамамен 3,4 млрд. теңгені құрайды, неміс компаниясының өз қаражатына қаржыландырылады. Алғашқы кезеңде шамамен 200-дей жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«Біз, «CLAAS» компаниясының атынан Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Германиядағы елшілігіне ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы екіжақты жобаны іске асыруға дипломатиялық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Біз Қазақстан Республикасының әлеуеті жоғары екенін білеміз, сол себепті ұзақ мерзімді, табысты және өзара тиімді ынтымақтастық құруды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Нильс Ройч.
Келісім шеңберінде компания құрылымдық бөліктерінің орналасуын кезең-кезеңмен арттыратын болады және өндірісті одан әрі дамыту үшін кадрларды техникалық жағынан дайындаумен айналысады.
Жоба қуаттылығына қолжеткізгеннен кейін кәсіпорын жылына 200 бірлікке дейінауыл шаруашылығы техникаларын (комбайндар, тракторлар және егіс кешендері) шығаратын болады, бұл ҚР-ның машина-трактор паркін жаңарту жағдайын біршама жақсартады.
CLAAS компаниясының Қазақстан аумағында өндірісін іске асырып жатқан PÖTTINGER», «LOVOL», «BUHLER», «Ростсельмаш», «Петербургтрактор зауыты», «МТЗ», «Гомсельмаш» және т.б. ауыл шаруашылығы техникаларын әлемдік өндірушілердің тізіміне енгізілуі еліміздің импортты алмастыру бағдарламасына толығымен сәйкес келеді және фермерлердің барлық қажеттіліктерін өтейді.
Бұл жұмыс Қазақстанның АӨК дамыту бойынша мемлекеттік индустриялық саясаты есебінен жүргізілгенін атап өткен жөн.
https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/german-claas-will-open-a-plant-in-kazakhstan/