• Мобильді үстемені жүктеу

Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері жөнінде дискуссиялық сессияға қатысты.

«1992 жылдан бастап біз Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, қаржы, инфрақұрылым, энергетика, шағын және орта бизнес саласында жалпы құны $8 млрд. долларға жуық 47 жобаны, сондай-ақ қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, сонымен қатар Қазақстан Республикасының жеке және мемлекеттік секторларында жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал ететін $40 млн. тұратын 250-ден астам техникалық көмек жобаларын табыспен жүзеге асырдық»,- деді А. Мамин.

Үкімет басшысы 2019 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстанның ЖІӨ 4,5%-ға өскенін, тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі $25 млрд. доллардан артқанын, ал шетелдермен сауда айналымы $96 млрд. долларға жеткенін атап айтты. «DoingBusiness» Дүниежүзілік банкінің бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингісінде Қазақстан 28-ші орыннан 25-ші орынға көтерілді.

«Біздің басты басымдығымыз - осы трендті сақтау және нығайту. Осы мақсатта біз шетелдік инвестициялар мен озық технологияларды тартуға күш-жігерімізді бағыттайтын боламыз. Біздің стратегиялық мақсатымыз - негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемін ЖІӨ-нің кемінде 30% -на жеткізу, бұл энергетика, көлік, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда қосылған құнды құруды арттыруға мүмкіндік береді», - деді А. Мамин.

Кездесуге қатысушылар тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға әсер ететін модельдер мен факторларды, Қазақстанның инвестициялық саясатын күшейту жөніндегі міндеттерді, құқықтық реттеу мәселелерін, сондай-ақ жекешелендіру және мемлекеттік-жеке серіктестіктің әлеуетін талқылады.

Дискуссиялық сессияға Үкімет мүшелері, ұлттық холдингтер мен даму институттарының басшылары, сондай-ақ инвестицияларды тарту саласындағы жетекші сарапшылар - Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Л. Бурунчук, «Czechinvest» стратегиялық жобаларды басқару жөніндегі директоры В. Зайцова, Ирландияның Шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі агенттігінің (IDA) басшылық құрамының бұрынғы мүшесі Д.Беннет, ДБ сарапшылары Х. Йедличка, П.Корреа және басқалары қатысты.

https://invest.gov.kz/ru/media-center/press-releases/pravitelstvo-kazakhstana-i-vsemirnyy-bank-obsudili-voprosy-privlecheniya-pryamykh-inostrannykh-inves/