А. Мамин Беларусь және Молдованың үкімет басшыларымен кездесулер өткізді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысына және «DigitalAlmaty» форумына қатысу үшін Алматы қ. келген Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румаспен және Молдова Премьер-Министрі Ион Кикумен екіжақты кездесулер өткізді.
Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румаспен кездесуде инвестициялық, индустриялық, агроөнеркәсіптік, энергетикалық, транзиттік-көліктік, әскери-техника салаларындағы, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды.
«Бүгінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың табысты әрі тиімді үлгісін көрсетеді. Біздің елдеріміздің арасында қарқынды саяси диалог орнатылған, терең экономикалық байланыстар қалыптасқан, ынтымақтастықтың барлық салаларында өзара іс-қимыл тиімді дамып жатыр», – деді А. Мамин.
Елдер өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды табысты іске асырып жатыр. Олардың ішінде – «ҚазБелАз» БК базасында «БелАз» карьерлік техникасын құрастыру, «АгромашХолдинг» базасында комбайндар және «Hyundai Trans Auto» ЖШС базасында «МАЗ» автотехникасын өндіру, сондай-ақ «Алатау» лифт жасау компаниясы» базасындағы лифтілер өндірісі.
ҚР Премьер-Министрі өндірістік кооперацияны кеңейтуге және Қазақстан аумағында бірлескен өндірістерді жергіліктендіру деңгейін арттыруға қызығушылығын білдірді.
Молдова Премьер-Министрі И. Кикумен кездесуде екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.
«Біздің елдер арасында сенімді әрі ашық саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен мәдени-гуманитарлық байланыстар нығая түсуде. Біздің мемлекеттер басшыларының әр түрлі аймақтық алаңдарда кездесулерінің тұрақты түрде өтуі Қазақстан – Молдова ынтымақтастығын нығайтуға өзара мүдделіліктің бар екенінің дәлелі», – деді А. Мамин.
Қазақстанда молдавандық қатысуымен 70-ке жуық заңды тұлғалар, бөлімшелер мен өкілдіктер жұмыс істейді.
ҚР Премьер-Министрі Қазақстанның Молдовамен сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіп және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуы үшін елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті.