ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «KazakhInvest» директорлар кеңесінің отырысын өткізді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «KazakhInvest» Ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысында ағымдағы жылдың 11 айындағы қызмет нәтижелері қарастырылды.
Қазіргі уақытта «KazakhInvest» жәрдемімен агроөнеркәсіптік, машина жасау, тау-кен-металлургиялық, мұнай-газ-химиялық, көлік-логистикалық салаларда, жаңартылатын энергетика және құрылыс индустриясында жалпы көлемі шамамен $55 млрд құрайтын 228 инвестициялық жоба пысықталып, іске асырылуда. Инвестор болып табылатын елдердің біріншілер қатарында Еуропа Одағы мемлекеттері, АҚШ, Ресей, Түркия, Сингапур және Қытай тұр.
Ағымдағы жылдың 11 айында$454 млн сомаға 8 жоба іске асырылды, $487 млн сомаға 10 жоба бойынша енгізу жоспарланған, көлемі $3,4 млрд құрайтын 21 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.
Отырыста жаңа редакциядағы штаттық сан және ұйымдастырушылық құрылым, ішкі аудит қызметінің есебі, директорлар кеңесінің 2020 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген, сондай-ақ, басқа мәселелер қарастырылған.