• Мобильді үстемені жүктеу

А.Мамин Инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес (ИКЖК) отырысында қазақстандық экономикадағы бәсекелі ортаның Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) талаптарына сәйкес дамуы мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазақстандағы экономикалық бәсекелестіктің күйі мен даму болашағы, сондай-ақ, осы саладағы саясатты жетілдіру жөніндегі ұсыныстар туралы баяндамалармен Ұлттық экономика министрі Р. Даленов, сондай-ақ, Қазақстанда аккредиттелген елшілер: АҚШ тарапынан - У. Мозер, Ұлыбритания тарапынан - М. Гиффорд, Канада тарапынан – Н. Бруссо, Еуропа Одағы тарапынан - Свен-Олов Карлссон, Канада Премьер-Министрінің ЕО және Еуропадағы арнайы уәкілі С. Дион, ЭЫДҰ, «Ernst & Young» консалтингтік компаниясының өкілдері және басқалар сөз сөйледі.

«Қазақстанның Бірінші Президенті – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бәсекелі орта мен монополияға қарсы заңнаманың дамуын экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады», — дейді А. Мамин.

Бәсекелестікті және іскерлік климатты дамыту бойынша Қазақстанның қабылдайтын шаралары ел экономикасының ағымдағы жылдың 10 айында 4,4% өсіміне, сондай-ақ, ЕҚДБ, ХВҚ, АДБ, Дүниежүзілік банк және Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингтеріндегі ҚР позициясының жоғарылауына  септігін тигізді. ЭЫДҰ Бәсекелестік жөніндегі комитетінде Қазақстанның мәртебесін жоғарылату мәселесі қарастырылуда.

Үкімет басшысы мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендету мақсатында ағымдағы жылдың соңына қарай мемлекеттік қатысуы бар компанияларға қатысуға рұқсат етілген қызмет түрлерінің саны 347 бастап 240 дейін 30% артық қысқартылатынын атап өтті.

Премьер-Министр 2016-2020 жылдарға арналған Кешенді жекешелендіру жоспарының 864 активінің ішінде қазіргі уақытта 500 жуығы жекешелендірілгені, оның инфрақұрылымды басқарудың, құрылыс, тау-кен өндіру, ауыл шаруашылық, өңдеу және басқа салалардағы менеджменттің өнімділігі мен тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік бергені туралы хабарлады.

Үкімет басшысы Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту болып табылатынын атап өтті.

«2005 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі аралықта ел экономикасындағы ШОБ үлесі 10,5% бастап 28,4% дейін үш есеге дерлік артты. 2025 жылы бұл көрсеткішті 35% дейін жеткізбекпіз. Қойылған мақсатқа жету үшін алда ауқымды жұмыс күтуде», — деді Премьер-Министр. 


 https://24.kz/ru/news/economyc/item/355394-a-mamin-provel-zasedanie-soveta-po-uluchsheniyu-investitsionnogo-klimata