• Мобильді үстемені жүктеу

Семей қаласында супер заманауи «Абай Арена» кешені бой көтереді

Семей қаласындағы облыс әкімдігінің  көшпелі отырысында аймақ басшысы Даниал Ахметов «Абай Арена» мәдени-спорттық кешенінің жобасымен таныстырды. Қаланың жұртшылығына жоба туралы айта отырып, облыс әкімі бұл бірегей кешеннің қаланың мәдени және спорттық өміріне қарқын беретінін атап өтті.  

- Бізде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Заманауи архитектураның сан алуандылығын қамтитын ғимараттың құрылысын осы жылы Қарағайлы ықшам ауданында бастаймыз. «Абай Арена» қаланың спорты мен мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Ғимарат ерекше архитектуралық кескінге ие болып, Семейді басқа қалалардың ішінен ерекшелейді.   Ол әмбебап болады. Үлкен залда әртүрлі іс-шаралар өткізу мүмкіндігі туындайды. Бассейн орналасқан керемет су кешенінде мәнерлеп жүзу бойынша, жалпы алғанда, тұрғындарды сауықтыру мақсатындағы жаттығулар жүргізілетін болады.  Оның салынуы Семейдің 300 - жылдығына арналады, - деп аймақ басшысы Даниал Ахметов атап өтті.

Спорттық ғимараттың құрылысы жаңа Қарағайлы ықшам ауданында басталады.  Оның аумағы 14 мың шаршы метрден асады.  Қаптамасы "желденетін фасад" қағидасы бойынша алюминий панельдермен жасалады. Медиафасад оған көрік беретін болады.   

Барлық халықаралық стандарттар бойынша салынған кешен, спорттың көптеген түрлері бойынша сайыстар өткізуге мүмкіндік береді. Бассейн турнирлер, жүзу, аквааэробика, судағы поло, суға секіру, тұрғындарды сауықтыру мақсатындағы жүзу бойынша жаттығулар өткізуге арналған.