• Мобильді үстемені жүктеу

Мемлекет пен дербес тұлға серіктестігі

Қазақстан Республикасы 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін табиғи және энергетикалық ресурстардың мол қорларына, өнеркәсіптік және көліктік әлеуетке ие болды.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінен мемлекеттік активтерді басқару элементі ретінде қарастырылған. Осы өзара қарым-қатынасты реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен енгізілген Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, «Жекешелендіру туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы заңы, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы заңы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі заңы болып табылған.

       Қазақстандағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті реттеуші бірінші құқықтық негіз инвесторларға жалғыз құрал – концессияны ұсынған. Концессия бастапқы редакцияда заңды немесе жеке тұлғаға, яғни концессионерге мүлікті, жерді, табиғи ресурстарды жалға беруді қарастырған. Басқа сөзбен айтқанда, концессия жалға алу (мүліктік жалға алу) шартының призмасы арқылы анықталған, сонымен қатар концессиялық қатынаста мердігерлік, сақтандыру шарттарының, еңбек шартының элементтері қатысуы мүмкін еді.

       Қазіргі уақытта түрлі мемлекеттік объектілер мүліктік жалдауда (тұрғын емес қорды, жабдықты, жерді жалдау) немесе жасасқан шарттар негізінде сенімді басқаруда болып табылады.

«Концессия» термині қолданылған келісімшарттардың «Пионерлері» ретінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ басқаруына Қазақстанның газды көлікті жүйелерін беру және Шүлбі, Өскемен және Бұқтырма су электр станцияларын (СЭС) концессияға беру жобалары болған.

Кейін концессия көлік инфрақұрылымы мен энергетика салаларында жобаларды іске асыру кезінде қолданған: «Шар – Өскемен» темір жол желісі мен «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» электр тапсыру желісінің құрылысы.

2006 жылы «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін концессия механизмін пайдаланып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін құқық алаңы пайда болған.

Бұдан басқа, концессия саласындағы заңнама үздік халықаралық тәжірибені ескеріп жетілдірілуде. Яғни 2008 және 2010 жылдары объектілерді концессияға тапсыру рәсімдері, мемлекеттік қолдау көрсету шараларын кеңейту және концессиялық жобалардың тартымдылығын арттыру, белгілі бір мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде инфрақұрылымдық облигацияларды шығару міндеттемесін жою мәселелері жөнінде концессия туралы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілген.

Бүгінгі таңда МЖӘ зерделеу тәсілдемелері, әр елде оның дамуының деңгейлері мен бағыттары әр түрлі, әлемнің көптеген елдерінде әлі де МЖӘ механизмдерін қалыптастыру және енгізу үдерісі жалғасуда.

МЖӘ дамыту кезеңдерін шартты түрде үшке бөлуге болады:

1-кезең: дайындық

  • МЖӘ саласында мемлекеттік саясатты жасау;
  • Заңнаманы талдау;
  • Бастама жобалардың портфелін анықтау,
  • МЖӘ қолдану үшін алғышарттарды талдау;
  • Заңнаманы қалыптастыру;
  • МЖӘ мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым құру.

2-кезең: енгізу

  • МЖӘ қолдану аясын кеңейту;
  • Жобаларды қаржыландырудың жаңа көздерін іздеу;
  • Біртұтас МЖӘ жүйесін қалыптастыру;
  • Заңнамалық кедергілерді жою.

3-кезең: жетілдіру

  • Әдістемелік нұсқаулықтар мен құралдарды әзірлеу;
  • МЖӘ іске асырудың үлгілерін жақсарту;
  • МЖӘ жобаларын іске асырудың үлгілерін одан әрі жетілдіру;
  • Жобаларды қаржыландырудың дамыған жүйесі;
  • МЖӘ мәселелері жөнінде мамандандырылған мемлекеттік қызметкерлер.

Қазақстанда енгізу кезеңі аяқталуға жақын. Бұдан басқа, жетілдіру кезеңінің кейбір іс-шараларын жүзеге асыру үшінші кезеңнің белсенді фазасының басталуын куәландырады, атап айтқанда:

  • Қазақстандық МЖӘ орталығымен МЖӘ жобаларын іске асыру жөніндегі практикалық ұсынымдар әзірленуде;
  • МЖӘ орталықтарымен, соның ішінде ШҚО МЖӘ орталығымен МЖӘ мәселелері жөнінде осы салада біліктілікті арттыру үшін оқыту семинарлары өткізіледі.

Қазіргі уақытта «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 379-V Заңы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің құқықтық жағдайларын, оның жүзеге асырылу тәсілдерін айқындайды және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасын дайындау мен іске асыру, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартын жасасу, орындау және тоқтату процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді. Институционалдық мемлекеттiк- жеке меншік әрiптестiкті мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк шартына сәйкес мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк компаниясы iске асырады. Өзге жағдайларда мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк келісімшарттық мемлекеттiк- жеке меншік әрiптестiк тәсілі бойынша жүзеге асырылады.

Келісімшарттық мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк шартын, оның ішінде мынадай түрлерін:

1) концессия;

2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару;

3) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу);

4) лизинг;

5) технологиялар әзірлеуге, тәжірибелік үлгі дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауға және аз сериялы өндіріске жасалатын шарттар;

6) өмірлік цикл келісімшарты;

7) сервистік келісімшарт;

8) мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар жасасу арқылы іске асырылады.

2010 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында «Өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ (бұдан әрі - Қоғам) жұмыс істейді.

ШҚО әкімдігінің 2014 жылғы 20 қаңтардағы №13, 2014 жылғы 28 қаңтардағы №17 және 2014 жылғы 24 ақпандағы №43 қаулыларымен Қоғам жергілікті МЖӘ жобаларын консультациялық қолдау, жергілікті жобалардың тұжырымдамасына, конкурстық құжаттамасына, МЖӘ шартының жобасына сараптама жүргізу жөніндегі заңды тұлға болып белгіленді.

 

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында 35,4 млрд. теңгеге 114 жоба бойынша шарттар жасалды, оның ішінде: 5,2 млрд.теңгеге 60 жобаны іске асыру мерзімі аяқталды, 30,2 млрд. теңгеге 54 жобаны іске асыру жалғасуда.

Дайындықтың әртүрлі кезеңдерінде жалпы құны 52 млрд. теңгені құрайтын 30 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бар.

Іске асырылатын және іске асыруға жоспарланған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі ресми интернет-ресурстарда орналастырылған:

- «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ - https://kzppp.kz/projects;

- «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ - https://ppp-vko.kz/rus/project